Бүгін Қызылорда облысының Қарауылтөбе ауылындағы Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми-тәжірибелік алқабында «Дала күні – 2026» өтті.
Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары және ирригация министрліктерінің вице-министрлері Ермек Кенжеханұлы мен Жандос Салимов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Асанов, ғалымдар, диқандар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен сала мамандары қатысты.

Іс-шараның басты оқиғаларының бірі – институт селекционерлері шығарған отандық «Сыр Сұлуы» күріш сортын алғаш рет жинау болды. Ғылыми-тәжірибелік алқаптағы алғашқы өнім ғалымдардың көпжылдық селекциялық жұмысының нақты нәтижесін тәжірибе жүзінде көрсетуге мүмкіндік берді.
Биыл Қызылорда облысында күріш егістігінің көлемі шамамен 70 мың гектарды құрайды. Су тапшылығы жағдайында шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын белсенді енгізіп, су, жер және өндірістік ресурстарды тиімді пайдалануға басымдық беріп отыр.

«Дала күні» аясында институттың жаңа сорттары, ғылыми әзірлемелері мен заманауи агротехнологиялары таныстырылды. Ғалымдар күріш селекциясы мен тұқым шаруашылығы, топырақ құнарлылығын арттыру, өсімдіктерді қорғау, егістікті әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану бағыттарындағы жұмыстарын көрсетті.

Іс-шара барысында ғылым мен өндіріс өкілдері өзара пікір алмасты. Диқандар ғалымдармен саладағы өзекті мәселелерді талқыласа, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен институттың серіктестері өз технологиялары мен шешімдерін таныстырды.

Биыл институттың материалдық-техникалық базасы да нығайып, ауыл шаруашылығы техникасы мен зертханалық жабдықтар жаңартылды. Бұл ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологияларды тәжірибелік алқаптарда сынақтан өткізуге және оларды өндіріске енгізуге қосымша мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы үшін күріш- ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «Сыр Сұлуы» сортының алғашқы өнімін жинау отандық ғылым мен селекция жұмыстарының өндірістегі нәтижесін көрсеткен маңызды қадам болды.