11 қыркүйекте Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде «Отандық мақта сорттарынан тұрақты және жоғары өнімділік алудың инновациялық технологиялары» тақырыбында «Дала күні – 2026» семинары өтті.
Іс-шараны «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ құрамындағы «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мен «Мақта» білім тарату орталығы» ұйымдастырды.

Семинарға ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, тауар өндірушілер, тұқым шаруашылығы мамандары, аудан әкімдіктерінің өкілдері және шетелдік ғалымдар қатысты.
Қатысушылар институттың эксперименттік алқабындағы отандық мақта сорттарының демонстрациялық учаскелерін аралап, мақта өңдеу шағын зауытының жұмысымен және заманауи ауыл шаруашылығы техникаларымен танысты.
Семинарда мақта шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері, отандық сорттардың әлеуеті, тұқым сапасы, климатқа бейімделген селекция және су үнемдеу технологиялары талқыланды.
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» Басқарма төрағасы Бауыржан Асанов ғылым мен өндірістің арасындағы практикалық байланысты нығайтудың маңыздылығын айта келе, бұл бағытта агро — ғылымға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына кеңінен тоқталып өтті.

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Амандық Қостақов, Түркияның Адана биологиялық бақылау ғылыми-зерттеу институтының директоры Абдуллах Гил және Өзбекстанның мақта селекциясы, тұқым шаруашылығы және агротехнологиясы ғылыми-зерттеу институтының өкілі Аброржон Курбанов мақта селекциясы мен өндірісін дамытуға қатысты ғылыми тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара қорытындысында жоғары өнімді және климатқа бейімделген сорттарды өндіріске енгізу, сапалы тұқым қорын қалыптастыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды кеңінен қолдану бағыттары айқындалды.