Агроөндірістің цифрлық болашағы: «Егінжай күні – 2026»

  • Home
  • Агроөндірістің цифрлық болашағы: «Егінжай күні – 2026»
Shape Image One
Цифровое будущее агропроизводства: «День поля – 2026»

2026 жылғы 20 маусымда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында «Егінжай күні – 2026» республикалық семинар-кеңесі өтті. Іс-шара агроөндірістегі цифрлық технологияларды ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудың негізгі тетігі ретінде енгізу мәселесіне арналды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Бауржан Асанов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Агробиоресурстар және экология ғылымдары орталығының жетекшісі Жанна Алманова, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, агробизнес өкілдері, халықаралық ұйымдар мен фермерлер қатысты.

Іс-шара институттың демонстрациялық алқаптарын аралаудан басталды. Қатысушылар жаңа ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарымен, цифрлық мониторинг жүйелерімен, дәлме-дәл егіншілік технологияларымен және заманауи суару шешімдерімен танысты. Даладағы тәжірибе алаңдары бұл күні ғылым мен өндірістің тоғысқан нақты алаңына айналды.

Пленарлық отырыста Бауржан Асанов аграрлық ғылымның стратегиялық маңызын атап өтіп, цифрландырудың сала тиімділігін арттырудағы шешуші рөлін айтты. Вице-министр Азат Сұлтанов ауыл шаруашылығында цифрлық шешімдерді енгізу мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін жеткізді. Ал Бақытұлы Бақытнұр ғылым мен өндіріс байланысын күшейту өңірлік аграрлық дамудың негізгі шарты екенін атап өтті. Жанна Алманова өз сөзінде жасанды интеллект, геномдық селекция, цифрлық фенотиптеу және Big Data технологиялары жаңа аграрлық экономиканың негізін қалыптастыратынын айтты.

Пленарлық отырыс барысында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева аграрлық ғылымның жаңа даму деңгейіне көтерілгенін атап өтіп, саланың генетикалық ресурстардан бастап селекция, тұқым шаруашылығы және өнімділікті басқаруға дейінгі барлық бағыттарын біріктіретін бірыңғай цифрлық контур қалыптасып жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, геномдық селекцияны, цифрлық фенотиптеуді, жасанды интеллектті және Big Data технологияларын интеграциялау климаттық стресс жағдайларына бейімделген жаңа сорттарды әлдеқайда қысқа мерзімде шығаруға және ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Институт зертханаларының жетекшілері өз бағыттарындағы цифрлық жаңалықтармен бөлісті. Майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі Светлана Дидоренко соя селекциясында молекулалық генетика, цифрлық фенотиптеу және дрондық мониторинг тиімділігін атап өтті. Дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі Бахыт Алпысбаева спутниктік бақылау, NDVI-талдау, Speed Breeding технологиясы және тұқымның цифрлық паспорттары селекция үдерісін айтарлықтай жеделдететінін айтты.

Егіншілік зертханасының меңгерушісі Рауан Жапаев «ақылды суару» жүйелері арқылы суды нақты деректер негізінде басқару мүмкіндігін көрсетті. Қант қызылшасы зертханасының меңгерушісі Лейла Табынбаева жасанды интеллект пен агродрондар гербицидтерді дәл қолдануға және экологиялық жүктемені азайтуға жол ашатынын жеткізді. Органикалық егіншілік зертханасының меңгерушісі Назира Слямова цифрлық мониторинг органикалық өндірістің экологиялық тұрақтылығын сақтауда маңызды құрал екенін атап өтті. Мал азықтық дақылдар зертханасының меңгерушісі Амангельды Кенебаев спутниктік деректер мен молекулалық әдістер көпжылдық дақылдардың өнімді әрі тұрақты сорттарын іріктеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Қатысушылардың пікірінше, цифрлық технологиялар аграрлық саланың жаңа даму моделін қалыптастырып отыр. Ғылым, мемлекет және бизнестің өзара ықпалдастығы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып қана қоймай, оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын да қамтамасыз етеді. «Егінжай күні – 2026» агроөндірістің болашағы цифрлық технологиялар мен ғылыми инновацияларға негізделетінін айқын көрсетті.

Контактная информация Свяжитесь с нами​

Телефон

+7 (7172) 72-86-71

E-mail

agrobilimonline@gmail.com

График работы

Понедельник-пятница с 09.30-18.30

Если у Вас остались вопросы, можете связаться с нами, заполнив следующую форму: