Химиясыз шегірткеге қарсы: қазақстандық және қытайлық ғалымдар жаңа буын биопрепаратының тиімділігін дәлелдеді

  • Home
  • Химиясыз шегірткеге қарсы: қазақстандық және қытайлық ғалымдар жаңа буын биопрепаратының тиімділігін дәлелдеді
Shape Image One

Химиясыз шегірткеге қарсы: қазақстандық және қытайлық ғалымдар жаңа буын биопрепаратының тиімділігін дәлелдеді

Түркістан облысында Қазақстан мен Қытай ғалымдары марокко шегірткесіне қарсы биологиялық препараттың жоғары тиімділігін растады. Бұл зиянкес Орталық Азиядағы жайылымдар мен ауыл шаруашылығы алқаптарына елеулі зиян келтіретін аса қауіпті түрлердің бірі болып саналады. Далалық сынақтар барысында экологиялық қауіпсіз құрал тоғыз тәуліктің ішінде жәндіктердің толық жойылуын қамтамасыз етті.

«Шекаралас көбею ошақтарындағы шегірткелерге қарсы саңырауқұлақ негізіндегі биопрепараттарды қолдану технологиясын зерттеу және демонстрациялау» халықаралық жобасы аясында Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институтының ғалымдарымен бірлесіп марокко шегірткесіне (Dociostaurus maroccanus Thunb.) қарсы биологиялық препараттың тиімділігін бағалау бойынша далалық зерттеулер жүргізді.

8 мамыр күні Түркістан облысы Қазығұрт ауданының жайылымдық аумақтарында энтомопатогенді Metarhizium anisopliae саңырауқұлағы негізіндегі биопрепаратпен тәжірибелік өңдеулер жүргізілді. Аталған биопрепарат химиялық инсектицидтерге экологиялық қауіпсіз балама болып табылады.

Тиімділікті бағалау мақсатында өңделген шегірткелер әрқайсысы 20 данадан тұратын төрт далалық торға орналастырылды. Сонымен қатар, өңдеуден кейін 24 сағат өткен соң әрқайсысы 20 данадан тұратын тағы екі далалық тор жасақталды. Бақылау кезеңі бойы шегірткелердің өлім деңгейі күн сайын есепке алынып отырды.

Зақымданудың алғашқы белгілері өңдеуден кейінгі үшінші тәулікте тіркелді. Бесінші тәулікте шегірткелердің өлім деңгейі 70–80 %-ға жетсе, тоғызыншы тәулікте торлардағы барлық даралардың толық жойылуы байқалды.

Марокко шегірткесі (Dociostaurus maroccanus) ауыл шаруашылығы дақылдары мен жайылымдарға айтарлықтай зиян келтіретін аса қауіпті зиянкестердің бірі болып табылады. Осыған байланысты зиянкестердің санын реттеудің биологиялық әдістерін әзірлеу мен енгізу өсімдіктерді қорғауды экологияландырудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.

Алынған нәтижелер Metarhizium anisopliae негізіндегі препараттың жоғары биологиялық тиімділігін көрсетіп, оны марокко шегірткесінің санын биологиялық реттеу жүйесінде қолданудың перспективалы екенін растады. Зерттеу нәтижелері аталған технологияның шегірткелердің жаппай көбею ошақтарында тиімді қолданылуы мүмкін екенін көрсетті, деп атап өтті ғалымдар.

Алдағы уақытта зерттеулер Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарында жалғастырылып, технологияның тиімділігін бағалау және оны өндірістік тәжірибеге енгізу бойынша ғылыми негізделген ұсынымдар әзірленетін болады.

Мақала сілтемесімен бөлісіңіз
0
kk

Контактная информация Свяжитесь с нами​

Телефон

+7 (7172) 72-86-71

E-mail

agrobilimonline@gmail.com

График работы

Понедельник-пятница с 09.30-18.30

Если у Вас остались вопросы, можете связаться с нами, заполнив следующую форму: