Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» негізінде «Шығыстағы Дала күні» шарасы өтті. Іс-шараға ауыл шаруашылығы ғылымының өкілдері, шаруақожалық иелері, «ҰАҒББО» еншілес ұйымдарының басшылары және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қатысты.
Дала күнінің басты мақсаты — аграршылардың кәсіби білім деңгейін арттырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын тиімді өсіру бағытындағы озық тәжірибелерді тарату болды. Қатысушыларға тұқым шаруашылығының заманауи әдістері, өсімдіктерді қорғау технологиялары, ресурсты үнемдейтін шешімдер мен АӨК-ті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ұсынылды.
Селекционерлер өз жетістіктерін көрсеткен демонстрациялық жиында Ербол Тасжүреков мұндай іс-шаралардың стратегиялық маңыздылығына тоқталды:
«Тұқым шаруашылығы мен құрғақшылыққа және климаттық өзгерістерге төзімді жаңа сорттарды шығару — табыстың негізгі факторы. Дұрыс таңдалған сорт болашақ өнімнің 40–50 пайызына дейінгі нәтижесіне тікелей әсер етеді. Дала күні — тәжірибе алмасуға арналған маңызды диалог алаңы», — деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол Қазақстанға жоғары өнімділік пен сапалық сипаттамалары жақсарған жаңа сорттар қажет екенін айтып, дәл осындай ғылыми жетістіктердің бүгінде Шығыс Қазақстанда таныстырылып жатқанын атап өтті.
Іс-шара ауыл шаруашылығы техникасының кең ауқымды көрмесінен басталды. Мұнда отандық және шетелдік өндірістен шыққан заманауи техникалар ұсынылып, фермерлердің жұмысын жеңілдетіп, егіншілік тиімділігін арттыратын жаңа құралдар көрсетілді.
Дала күні аясында қатысушылар аграрлық ғылымның өзекті мәселелерін, бизнес қауымдастықпен ықпалдасу мүмкіндіктерін, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар мен әзірлемелерді енгізу жолдарын, сондай-ақ егістік дақылдарының жаңа сорттарын қолдану және заманауи агротехнологияларды пайдалану перспективаларын талқылады.






