Алматы облысындағы «Диқан» шаруа қожалығының алма бағында интеллектуалды феромондық тұзақтар мен цифрлық болжау элементтеріне негізделген өсімдіктерді қорғау жүйесі іске қосылды. Бұл технология Қазақстанда алғаш рет Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бағдарламалық-нысаналы ғылыми-техникалық жобасы аясында қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Жүйе зиянкестердің пайда болуын нақты уақыт режимінде тіркеп қана қоймай, фитосанитариялық жағдайды болжаудың ғылыми негізін қалыптастырады. Интеллектуалды тұзақтардан алынған деректер автоматты түрде онлайн режимде серверге жіберіліп, зиянкестер популяциясының динамикасын үздіксіз бақылауға және цифрлық модельдер негізінде олардың таралу қаупін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Бұл тәсіл өсімдіктерді қорғаудағы дәстүрлі әдістерден фитосанитариялық қауіп-қатерлерді алдын ала басқару моделіне көшуге жол ашады.
Цифрлық мониторинг технологиясын енгізу фитосанитариялық болжамдардың дәлдігін арттырып, өнім шығыны қаупін төмендетеді және өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді әрі ұтымды пайдалануға жағдай жасайды.
Ең маңыздысы, бұл технология әмбебап шешім ретінде қарастырылуда және болашақта оны тек бау-бақша шаруашылығында ғана емес, сондай-ақ дәнді, майлы және техникалық дақылдарды қоса алғанда, басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына бейімдеуге болады. Бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде кең ауқымды цифрлық фитосанитариялық мониторинг жүйесін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
Апробация нәтижелері оң болған жағдайда, аталған жүйені еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі шаруашылықтарда кеңінен енгізу және масштабтау жоспарлануда.



