Ақмола облысында «Қазақстанның қуаңшылық жағдайларында ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты өндіру» тақырыбында Дала күні өтті. Іс-шара А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өткізілді.
Алаңға аймақтың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ғылыми мекемелердің өкілдері, отандық және шетелдік аграрлық компаниялардың мамандары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік құрылымдарының өкілдері жиналды.
Дала күні шарасы барысында Орталықтың жетекші ғалымдары мен тәжірибелі мамандары елдің қуаңшылық климатына бейімделіп әзірленген отандық селекциядағы жаңа сорттарды — дәнді, майлы, бұршақты, жарма және мал азықтық дақылдарды таныстырды. Стационарлық учаскелерде климаттың өзгеруіне бейімделген агротехнологияларды ұзақ жылдар бойы зерттеу нәтижелері көрсетілді.
Сонымен қатар, арнайы көрме аясында ауыл шаруашылығы техникасы мен инновациялық агротехнологиялар саласындағы заманауи шешімдер ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара агробизнес саласындағы тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және іскерлік байланыстарды нығайту үшін тиімді алаң болды.





