Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрайымы Р.Х. Рамазанова және ғылыми қызметкер М.К. Жумагулова Италияның Комо қаласында өткен IX Халықаралық Woody Roots симпозиумының жұмысына қатысты.
Симпозиум аясында «Ectomycorrhizas and root biomass of Picea schrenkiana in the Tian Shan mountains of Kazakhstan (EuAsiaN-ROOT)» тақырыбындағы постерлік баяндама ұсынылды. Зерттеу Қазақстанның Тянь-Шань тауларындағы Шренк шыршасының (Picea schrenkiana) тамыр биомассасы мен эктомикоризалық қауымдастықтарын зерттеуге арналған.
Симпозиумға қатысу орман ағаштарының тамыр жүйелерін және олардың экожүйелердің қызмет етуіндегі рөлін зерттеуге бағытталған EuAsiaN-ROOT халықаралық жобасы аясында жүзеге асырылды. Жоба Еуропа мен Азия ғалымдарын біріктіріп, сүректі өсімдіктердің тамыр жүйелерін кешенді зерттеуге бағытталған.
Іс-шара соңында қатысушылар далалық экскурсияға қатысып, Солтүстік Италияның орман экожүйелерімен танысты. Сондай-ақ табиғи жағдайда ағаштардың тамыр жүйелерін зерттеудің заманауи әдістерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.




