«Асыл түлік» Республикалық асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығы» АҚ ғалымдары асыл тұқымды бұқалардың биоматериал сапасы мен өсімталдық қабілетін арттыруға арналған трутень гомогенаты негізіндегі табиғи биоқоспаны қолдану бойынша ғылыми зерттеуді сәтті аяқтады. Жоба қорытындысы бойынша өнертабысқа патент алынып, зерттеу нәтижелері Q1-Q3 деңгейіндегі халықаралық ғылыми журналдарда жарияланды.
Зерттеу барысында мамандар ара шаруашылығы өнімдерінің бірі саналатын табиғи трутень гомогенатының асыл тұқымды бұқалардың репродуктивтік көрсеткіштеріне әсерін зерделеді. Нәтижесінде әзірлеменің тиімділігі дәлелденіп, биоматериал сапасы мен оны пайдалану тиімділігі 30%-ға, ал малдардың өсімталдық қабілеті 10%-ға артқаны анықталды.
Жоба аясында әзірленген өнімнің экологиялық тазалығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. «Түйіршіктелген гомогенат» биоқоспасы толықтай табиғи компоненттерден тұрады және экологиялық таза өнім болып саналады. Бұл оны заманауи мал шаруашылығына енгізуге перспективалы шешім ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Әзірлеменің ғылыми маңызымен қатар, салалық тұрғыдан да практикалық құндылығы жоғары. Жоба асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін жақсартуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі — әзірлемені коммерцияландыру. Мамандар биоқоспаның жоғары коммерциялық әлеуетке ие екенін және оны отандық тауар өндірушілермен бірлесіп өндіруге мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Зерттеу нәтижелерінің Q1–Q3 деңгейіндегі халықаралық ғылыми журналдарда жариялануы қазақстандық ғылымның жоғары деңгейін және жобаның халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалғанын көрсетеді.


