2026 жылғы 2–4 маусым аралығында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының делегациясы қант қызылшасы мен дәнді дақылдар селекциясы саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын француздық Florimond Desprez компаниясында жұмыс сапарымен болды.
Делегация құрамында Басқарма төрайымы Шолпан Бастаубаева, қант қызылшасы зертханасының меңгерушісі Лайла Табынбаева және өсімдіктер биотехнологиясы зертханасының меңгерушісі Раушан Ержебаева болды.
Сапар барысында қазақстандық ғалымдар Францияның Каппель-ан-Певель қаласында орналасқан компанияның бас селекциялық-зерттеу орталығын аралап, Florimond Desprez басшылығымен кездесті. Кездесу барысында ғылыми ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және заманауи селекциялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Мамандар гибридтеу, өсімдік биотехнологиясы және молекулалық биология бағытындағы заманауи зерттеулермен танысты. Атап айтқанда, қосарланған гаплоидтарды алу технологиялары, геномдық селекция және селекциялық материалдарды жоғары өнімді генотиптеу жұмыстары ерекше қызығушылық тудырды.
Сонымен қатар делегация тұқымдарды өңдеу, сапасын бақылау және буып-түюдің толық циклін жүзеге асыратын заманауи өндірістік кешеннің жұмысымен танысты.
Сапар нәтижесінде қазақстандық ғалымдар селекция, биотехнология және тұқым шаруашылығы салаларындағы озық еуропалық тәжірибені зерделеп, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Florimond Desprez компаниясы арасындағы болашақ ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады.







