Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғалымдары «Батыс Қазақстанның шөлейт аймағындағы жайылымдарды жақсарту тәсілі» атты пайдалы модельге патент алды. Әзірлеме тозған жерлерді қалпына келтіруге, мал азықтық алқаптардың өнімділігін арттыруға және құрғақ климат жағдайында мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайтуға бағытталған.
Жайылымдар – мал шаруашылығының негізгі тірегі. Алайда шөлейт аймақтарда өсімдік жамылғысының тозуы, ылғалдың жетіспеуі және ұзақ жылдар бойы қарқынды пайдаланылуы салдарынан олардың өнімділігі төмендейді. Қазақстандық ғалымдардың жаңа технологиясы Батыс Қазақстанның күрделі табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген құнды мал азықтық өсімдіктерден тұрақты агрофитоценоз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әзірлеменің негізіне көпжылдық шөптердің арнайы іріктелген қоспасы алынған: жіңішке масақты еркекшөп, ситник тәрізді тарлау (волоснец) және құм эспарцеті. Зерттеулер астық тұқымдас және бұршақ тұқымдас дақылдардың дәл осы үйлесімі шөлейт жағдайында шөп жамылғысының ең жоғары өнімділігін қамтамасыз ететінін көрсетті.
Әрбір компонент өз қызметін атқарады. Еркекшөп – құрғақшылыққа аса төзімді әрі ұзақ жылдар бойы сақталатын құнды мал азықтық дақыл. Ситник тәрізді тарлау көктемде ерте өсіп-жетіліп, күзде сапалы қайта көктеу қабілетімен ерекшеленеді. Ал құм эспарцеті жоғары ақуыз мөлшерінің арқасында мал азығының қоректік құндылығын арттырады: оның бір килограмм құрғақ шөбінде 150–180 грамға дейін қорытылатын протеин болады.
Технология топырақты өңдеуді, көпжылдық шөп қоспасын ерте көктемде себуді және біркелкі өскін алу үшін топырақты тығыздауды қамтиды. Жерді ұзақ мерзімді қалпына келтіруге ерекше назар аударылады. Алғашқы бес жыл ішінде қалыптасқан шөп жамылғысы шабындық ретінде пайдаланылады. Бұл өсімдіктердің қуатты тамыр жүйесін қалыптастырып, тұрақты өсімдік қауымдастығын құруына мүмкіндік береді. Осы кезеңнен кейін алқаптарды ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін тиімді пайдалануға болады.
Ғалымдардың айтуынша, ұсынылған тәсіл тозған өсімдік жамылғысын толық жаңартып, көпжылдық жоғары өнімді агрофитоценоз қалыптастыруға және шаруашылықтарды сапалы мал азығымен ұзақ жылдар бойы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Технологияны енгізу жайылымдық алқаптарды тиімді пайдалануды арттыруға, мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз етуді жақсартуға және Қазақстанның шөлейт өңірлеріндегі тозған жерлерді қайтадан шаруашылық айналымына тартуға ықпал етеді.


